«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросы мәжілісі

Бүгін Түркістанда аса маңызды мәселе талқыланды. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы сарапталды. Облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев бұл құжаттың маңыздылығына тоқталып, жоспардағы әрбір индикаторлар уақтылы әрі сапалы орындалу керектігін айтты. Нақты тапсырмалар берді.

Жуырда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз» деген болатын.

Сондықтан жергілікті мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Біз ел алдындағы уәдені орындап, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға күш саламыз.

 Бүгін талқыланып, бекітуге ұсынылған Жол картасы партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын кезең-кезеңімен орындауға мүмкіндік береді. Бұл ретте басым дауысқа ие болған «Nur Otan» партиясы фракциясының қайраткерлігі мен іскерлігі маңызды рөлге ие.

Жол картасы бойынша 2025 жылға дейін облыста 214 туристік нысан салынады. Осы арқылы  өңірімізге келушілер саны 1,5 есеге артып, 2 миллионға жетеді деген жоспар бар. Бес жылда облыста 5656,11 шақырым жол жөнделеді. 2300 шақырымға жуық таза ауыз су жүйесі жүргізіледі. Осы және өзге де маңызды жоспарлар қамтылған. Бұл жұмысты Түркістан облысының жергілікті мәслихаттарындағы 263 нұротандық депутат бірге атқарады.

Барша әріптестерді, депутаттарды, партияластарды осы жауапты да, маңызды міндетті абыроймен атқаруға шақырамын!

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Қайрат Балабиев