«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтті

Бүгін, «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезінде маңызды сұрақтар талқыланып, «AMANAT» партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну және партияның саяси платформасын бекіту бойынша шешімдер қабылданды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып,  партияның атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Съезде сөз сөйлеген Қазақстанның тұңғыш Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова,  Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, айтыскер ақын, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбеков, кәсіпкер, Көру қабілетін қалпына келтіру және алдын алу мектебінің негізін қалаушы Анна Яковлева, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Президент реформаларының бағытын қолдайтындықтарын және  елдегі өзгерістердің барлығы тек қана халық мүддесіне бағытталғанын жеткізді.

Осылайша пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін кезектен тыс XXIV Съездің шешімімен «AMANAT» партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Ия, бүгінде Президентіміз аса күрделі геосаяси жағдайда Жаңа Қазақстанның негізін қалап, оның көшін бастап келеді.  Шындығында, Әділетті Қазақстан құру жолында елімізде ауқымды реформалар қолға алынып, саяси мәдениеттің қалыптаса бастауы баршамызды қуантады.

       Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз және Қазақстанымыздың көшін бастауға лайықты тұлға деп білеміз.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партияның стратегиялық құжаты болып табылатын Саяси тұғырнамасы қабылданды.

Саяси тұғырнама заман талабына сай, сапалы, терең мазмұнды және саяси бірлестіктердің бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді деп толығымен айтуға болады.

Ендігі кезекте, біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Сондықтан, осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің игілігі үшін жұмыс жасайық.