Әлеуметтік мәселелерге серпін берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Атқарушы билікке жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктеді. Президент Әкімшілігіне ауыл тұрғындарының азаматтық бастамасына қолдау көрсетудің тиімді механизмін әзірлеуді тапсырды. «Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың өтініміне бейімдеп, ол гранттарды алу жолдарын жеңілдету маңызды. Бұл ауылдағы әлеуметтік белсенділікке серпін береді», –деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкімет Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекіткенін айтты. Бұл маңызды құжат Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жүйесін ары қарай жетілдірудің ұзақ мерзімді институционалды негізін белгілейді. Президенттің айтуынша, кешенді жоспарды қабылдағаннан кейін, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс басталған. Осыған байланысты қоғамда әйелдердің экономикалық әрі саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету жұмыстарына жауапкершілікті Президент Әкімшілігіне жүктеді.

Адам құқығы мәселесінде мемлекет қылмыстық процесс, полиция қызметі моделін кеңейту, құқық қорғаушылардың да құқығын қорғау мәселесіне аса мән берілуі тиіс.

Жолдауда қозғалған саяси реформалардың бірі – депутаттық мандатты бөлгенде 30 пайыз квотаны әйелдер мен жастарға теңдей бөлуді заңмен бекіту міндеті. Бұрын бұл талап тек партия атынан сайланған депутаттарға қатысты болған. Ендігі уақытта талап депутаттық мандатты тағайындау кезінде де ескерілмек. Сонымен қатар, партия атынан сайлауға түсетін кандидаттардың қатарында ерекше күтімді талап ететін жандардың болуы ұсынылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұған дейінгі ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі өз тиімділігін көрсеткен. «Бұл шешім ауыл тұрғындарының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүдделерін тікелей қозғайды. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар аудан әкімдерін ең болмағанда пилоттық режимде сайлауға мүмкіндік алады», – деді Мемлекет басшысы.

Жолдауда сондай-ақ, елдің әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау саласымен бірге мәдениет саласына да айрықша көңіл бөлінгенін көреміз.

 

 

Қайрат Балабиев,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы