«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін»

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты Сайлауалды бағдарламасындағы білім саласында атқарылатын міндеттер туралы өздеріңізбен бөліссем деймін.
Елімізде алдағы жеті жылда балалар мен студент жастардың білім алуы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау көзделуде.
Осы мақсатта:
• Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады және барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
• Шамадан тыс жүктемесі бар сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысымды білім беру мәселесін түпкілікті шешу үшін оқуға қолайлы жағдайы бар 1,5 млн оқушы орны енгізіледі.
• Жыл сайын шағын қала, аудан орталығы мен ауылдағы кемінде мыңнан астам мектеп заман талабына сай жаңартылатын болады.
• Робототехника, химия, биология және физика пәндеріне арналған кемінде 7000 заманауи кабинет ашылады.
• Пән оқытудың инновациялық әдістері енгізіледі, қажетті оқу материалдары цифрлық форматқа ауыстырылады.
• Оқушылар оқу материалдарына лезде қол жеткізетін, билет алу, төлем құралына айналатын, ауыр арқақоржынды алмастыратын сәйкестендіру карталарына ие болады.
• Балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашылады, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері сынды кемінде 100 жаңа ірі нысан салынады.
• Әрбір тілек білдірген балаға спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі.
• Студенттердің шәкіртақы мөлшері 2 есеге ұлғайтылады;
• Барлық студент әлемдік цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізетін болады.
• Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі шешіледі.