Ұлытауда ұлы басқосу

        Күні кеше елімізде маңызды оқиға орын алды. Қазақ халқының тарихи орталығы, далалық өркениет көне мәдениетінің кіндігі, Жошы хан, Едіге би секілді билеушілер жерленген киелі Ұлытау мекенінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Әрине, алқалы жиынның бұл мекенде өтуі кездейсоқтық емес.

Ұлытау – тарихы ғасырлардың терең қойнауына кететін, ел басына күн туған шақтарда халқымызға пана болған, хандарымыз ақ ордаларын тіккен, билеріміз бен батырларымыз бастарын қосып, ел болып ғұмыр кешудің келелі мәселелерін шешкен киелі өлке.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында                «Бабала­ры­мыз ел тағдырын айқындайтын тари­хи шешімдерді бүкіл халық болып ақыл­дасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Орда­басы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқо­сулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиын­да айтылған кесімді сөзге алты Алаш­тың баласы түгел тоқтаған. Біз бірлік­тің бастауы болған осы дала демо­кра­тия­сының дәстүрін жаңғыртуымыз керек», – деген болатын.

Міне бүгінде, Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамдағы өзекті мәселелерді халықпен бірлесіп шешу және билік пен халық арасындағы диалог алаңының жаңа моделін қалыптастыру мақсатында Ұлттық құрылтай құрылды.

Оның құрамына  депутаттар  мен ҚХА мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер жалпы         117 адам еніп отыр. Бұл адамдардың барлығы өз өңірлеріндегі жағдайды, халықтың сұранысын және оларды толғандыратын мәселелерді жақсы білетін белсенді қоғам мүшелері. Сондықтан, олардың елдегі мәселелерді билікке шынайы әрі толыққанды жеткізіп, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне арқау болатындығына сенімдімін.

Президентіміз Ұлттық Құрылтай отырысында «Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым»,- деп айтты.

Расында, ежелден бірліктің мекені атанған Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтай қоғамды жұдырықтай жұмыл­дырып, бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруға үлкен септігін тигізері анық.

Дана халқымыз «Келісіп істесе – көп бітеді»,- демекші, Ұлттық құрылтай ел тағдырына қатысты мәселелерді кеңесіп шешу арқылы елдігіміздің іргесін одан ары бекіте түседі деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтай – бұрынғы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, Ұлытаудың ұлы миссиясын қайта жалғады десек те болады. Басқосуда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы маңызды бағыттарға тоқталып, оның мән-мазмұны мен құндылығын атап өтті.                Сонымен қатар, келелі жиында бірлік пен ынтымақтастық, тіл мен жер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспары, мемлекетіміздің жаңа саяси кезеңдегі қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы талқыланды.

Одан бөлек, саяси реформаларға арқау болатын заң жобалары жыл аяғына дейін қабылданып, 25 қазан ел егемендігін ұлықтайтын Республика күні болып аталатын болады.  Қазақтың бірлігін нығайту мақсатында Әулиетау етегінде рәміздер алаңы ашылады.

Жалпы, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында құрылтай жұмысының бағыт-бағдары айқындалды. Құрылтай енді жылына бір мәрте жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады. Мемлекет басшысы жыл сайын құрылтайды әр аймақта өткізу сол өңірдің дамуына өз септігін тигізетінін айта отырып, келесі құрылтай Түркістан өңірінде өтетіндігін жеткізді.

 

Әрине, бұл жаңалық барлық түркістандықтар үшін қуанышты хабар деп ойлаймын. Себебі, келесі құрылтайдың киелі шаһар Түркістанда өтуі облысымыздың өсіп өркендеуіне ерекше серпін беретіні хақ. Ендігі уақытта, реформаларды іске асыру бойынша алдымызда ауқымды жұмыстар мен міндеттер тұр.

Дана халқымыз «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп», – дегендей бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!

Ұлттық құрылтай жұмысы табысты болғай!

 

 

        Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

        Қ.Балабиев