Құрметті Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен
құттықтаймын!
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.
Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз еліміздің барша халықтары үшін ең қымбат, мәні терең, мазмұнды мейрамға айналып отыр.
Наурыз айы – табиғаттың көктемгі жаңаруымен қатар еліміздің де жан-жақты дамып, түлеуін көздейтін жаңа игі істер мен жоспарлардың бастау алар сәті, өткенімізді саралап, болашағымызды болжайтын маңызды кезең.
Олай болса, ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен
қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Барыс жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев