Құрметті Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді алда келе жатқан Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ескі жылға ризалық, келер жылға тілек айтатын  айрықша сәт. Өтіп бара жатқан 2021 жыл өңіріміз үшін жемісті жұмыстармен есте қалғалы отыр.

Жақында ғана еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойладық.

Жас та жасампаз мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы табысқа толы шежіресіне көз тастай отырып, біз қайта құрудың, өсу мен өркендеудің жолында қаншалық ауқымды жұмыстар атқарылғанын, небір қиындықтарды еңсеріп, қандай асқақ асуларды бағындырғанымызды бағамдай аламыз.  

Сол жетістіктердің бірі ретінде, облыс орталығы атанған Киелі Түркістанның жаңа серпінмен дамуын ерекше атап өтуге болады.

Небәрі үш жылдан астам уақытта киелі мекен адам танымастай өзгеріп, облыста қыруар жұмыстар атқарылды.

Бұған баршамыз куәміз. Себебі былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды.

Әсіресе, биылғы жыл қашан да қазанынан құт, елінен ырыс кетпеген, ұлысымыздың ұйытқысы болған Түркістан облысы үшін берекелі жыл болды десем артық айтпағаным болар. 

Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Түркітілдес              мемле­кет­тер­­­дің ынтымақтас­тық ке­ңе­сі­нің бейресми сам­митінде Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді.

Барлығымызға үлкен қуаныш сыйлаған бұл маңызды                  оқиға – бабалар рухына тағзым және бүкіл түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын көне шаһарға берілген әділ баға деп білемін.

Сонымен қатар, қыркүйек айында Түркістан қаласында Түркі тілді мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы Пленарлы отырысы өтіп, Түркістан декларациясын қабылдады. Стратегиялық құжаттың маңызды тармағы – Президенттің саяси реформаларын қолдау. Алғаш рет электрондық сауда, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, кинематография мәселелері бойынша халықаралық модельдік заңдар қабылданды.

Пленарлы отырыста түркітілдес елдердің Парламент палаталарының спикерлері ақылдасып, Қазақстан Парламенттік ассамблеяға төрағалықты қабылдады.

Бұл оқиғалар бүкіл Қазақ елінің халықаралық аренада бұған дейін қол жеткізген табыстарын еселей түсіп, Алаш жұртының әлемдік қауымдастықтағы абыройын асқақтатты.

Осы орайда, мен өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосып келе жатқан барша облыс тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін.

Табалдырығымыздан аттағалы тұрған жаңа жыл ел тағдырындағы кезекті маңызды және елеулі жыл болады деп үміт артамыз. Жаңа жыл дайым жаңа жетістіктерге жетелейді, сол себептен де келер жылы да түркістандықтар Отанымыздың, оның ішінде өңіріміздің қарыштап дамуына үлес қосады деп сенеміз.  

Құрметті жерлестер! Жаңа жылда барлықтарыңызға мол табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт, қуаныш тілеймін!

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев