Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! Қадірменді қонақтар!

Сіздерді Ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Ғасырлар бойы азаттық аңсаған еліміздің арманы осыдан 30 жыл бұрын орындалып, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды. Тарихи өлшем тұрғысынан алған қысқа мерзім ішінде еліміздің шекарасы шегенделіп, Мемлекеттік Тудың, Елтаңба мен Әнұранның қабылдануы және ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енуі жас мемлекеттің өзіндік сара жолын қалыптастырды.

Әлемнің картасында жаңа астана пайда болды. Сарыарқаның төсіндегі ару астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы қазақстандық даму жолының символына, барша отандастарымыздың зор мақтанышына айналды.

Осындай мега жобалардың бірі – киелі Түркістанды Оңтүстік өңірдің әкімшілік орталығы ету. Бұл тарихи шешім облыс орталығы атанған көне шаһарға ерекше тыныс беріп, өрлеу мен өркендеудің жаңа сатысына шығуға жол ашты.

Бұл жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бір сөзінде «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді»- деп айтқан болатын.

Міне, бүгінде күн санап түлеп келе жатқан Түркістан Президентіміздің жіті бақылауымен мыңдаған өркениеттер мәдениеті мен қазіргі заманғы жаңашылдық өзгерістерді өз бойына жинақтаған жаңа форматтағы шаһарға айналып отыр.

Бүгінде еліміз әлемдік қауымдастық арасында өзіндік орны бар бірізді дамып келе жатқан мемлекет.

Енді, осы Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек          ету – әрбіріміздің  азаматтық парызымыз!

Халқымыздың бірлігі, еліміздің ырысы артып, Мәңгілік Ел мұраттарына жете берейік!

Қазақ елінің бағы баянды болып, әлем таныған азаттығымыз ғасырдан ғасырларға жалғаса берсін!

Еліміздің әрбір азаматын осынау Ұлы мерекемен тағы да құттықтай отырып, бабаларымыздың сан ғасырлық аңсары болған тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға және оны одан әрі нығайтуға шақырамын! 

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!