Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! Қадірменді қонақтар!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Тап осы күннің «Тұңғыш Президент күні» ретінде таңдалып алуының өзіндік себебі бар. Еліміз үшін ең тағдырлы кезең болған 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен еліміздің негізін қалаушы ақмаңдай асыл ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президенті атанды.

Содан бері Елбасымыз Ұлы Дала төсінде қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігін нығайтып, көк туымыздың биікте желбіреуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Тұңғыш  Президентіміздің кемеңгерлігінің, сарабдал саясатының арқасында Қазақстан өтпелі кезеңнің тоқырауы мен қиындықтарын еңсеріп, дамудың даңғыл жолынан өтті. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды.

Шекарамыз шегенделіп, әлемнің маңдайалды мемлекеттерімен тереземіз теңелді.

Тәуелсіздіктің үш онжылдығында Қазақстан ғасырға бергісіз даму жолынан өтті десек, осы жылдардағы жеңістер мен жетістіктердің барлығында Тұңғыш Президенттің қолтаңбасы бар.

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді тағы да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, мемлекеттің мерейін асыратын мейрам күні Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!