Құрметті жерлестер!

Бірер күннен соң еліміз үшін маңызды күн – Бүкілхалықтық референдум өтеді. Бұл мемлекетіміздегі үлкен өзгерістердің бастауы деген сөз. Елімізде соңғы рет мұндай референдумның өткізілгеніне биыл 27 жыл болып отыр. Ал одан бергі кезеңде енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Парламент депутаттарының қатысуымен жүзеге асырылып келгені белгілі.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  қазақстандықтардың өмірлік белсенділігін арттырып, олардың ел тағдырына араласуын жоғары деңгейге жеткізу туралы мақсаты қолға алынып, қоғамның пікірі алдыңғы орынға қойылуда. Жаңа өзгерістер бойынша халықтың мемлекеттік істерді басқаруға қатысу құқығы мен билік органдарының халық алдындағы есептілігі кеңейетін болады. Осы және басқа да Ата Заңымызға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларды халыққа түсіндіру мақсатында облыста 2 штаб құрылып, жұмыс жасады.

Облыстық қоғамдық штабқа төрағалық ету маған жүктелсе, «AMANAT» партиясы жанындағы штабқа партияның Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев төрағалық етті. Штаб мүшелерін бастай отырып,  облыстағы барлық ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездесіп, түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырдық. Сондай-ақ, Республикалық қоғамдық штабтың қатысуымен өңіраралық кездесулер өткізіп, ақпараттарды әлеуметтік желілерде, республикалық және жергілікті БАҚ-та тараттық.

Одан бөлек, газеттер мен сайттарда Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулардың әр бағыты бойынша материалдар топтамасын жарияладым. Осы кездесулер мен ақпараттық жұмыстар «AMANAT» партиясының орталық аппараты тарапынан жоғары бағаланды. Әрине, бұл баға біз үшін өте маңызды және біздің басты мақсатымыз да халыққа тура, шынайы ақпарат тарату және толығымен қамту болатын.

Құрметті түркістандықтар! 

Кездесулер барысында, сонымен қатар әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, конституциялық реформа мәселесін ашық талқылап, пікір алмасып жатқандарыңыз үшін әрбіріңізге жеке шынайы алғысымды білдіремін. Біз баршамыз осы конституциялық реформадан көп үміт күтеміз.

«Қол жұмылмай – жылынбайды»,- демекші, осындай  мемлекетіміз үшін тағдыршешті кезеңде бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп, референдумға қатысу арқылы өз азаматтық ұстанымдарыңызды білдіруге шақырамын және біркісідей қатысатындықтарыңызға мол сенім артамын.