Құрметті жерлестер!

Өздеріңізге белгілі, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша бүкілхалықтық Референдум өткізуді белгіледі. Бұл Референдум – халық билігінің айқын үлгісі, әрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы Жаңа Қазақстанды құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі. Мемлекет Басшысының Жаңа Қазақстанды құру идеясының Референдум өткізуден бастау алуы өте қуанышты жағдай.

Осы орайда, бүгінде облыста Қоғамдық штаб құрылды. Мәслихаттар халықтың атынан өкілдік ететін және халық сайлайтын орган болғандықтан, түрлі үкіметтік емес ұйымдарды, саяси партияларды, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділерін Ұлы істің басына топтастыра алатын бірден-бір орган ретінде танылып отыр. Сондықтан Қоғамдық штабқа төрағалық ету маған жүктеліп отыр.

Осы орайда, Сіздерге Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу процесіне тоқталып өтуді жөн санап отырмын.

  1. 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясына дауыс берді.
  2. 1995 жылғы 30 Сәуірде Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жаңа Негізгі заңның қажеттілігі туралы үндеу тастады. Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов бастаған арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жаңа Конституцияның жобасы 1995 жылғы 22 мамырда арнайы құрылған консультативтік кеңеске қарауға және заңдық баға беру үшін ұсынылды, ал 30 маусымда бүкілхалықтық талқылауға шығарылды.

Бір ай ішінде қоғам тарапынан 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар жасалды. Нәтижесінде Конституция мәтініне 1 100 түзету енгізілді.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өтті , оған сегіз миллионнан астам адам қатысты, бұл азаматтардың сайлау учаскелерінің тізіміне енгізілгендердің 90,51%-ын құрайды. Дауыс берген азаматтардың 89,1%-ы республиканың жаңа Негізгі Заңының қабылдануын қолдады.

1995 жылғы Конституция бірмезгілде мемлекеттілікті нығайтуға, биліктің барлық тармақтарының өкілеттіктерін нақты ажырату есебінен мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жаңа Конституция, Н. Назарбаев айтып өткендей, кеңес соты мен прокуратурасының шекарасы мен тарихын да көрсетіп берді. Конституцияның қабылдануымен мемлекеттік биліктің коммунистік конституциясыздықтан қазіргі президенттік басқару нысанына көшуді ресімдеу де аяқталды.

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев