Құрметті жерлестер!

Бүгін кең-байтақ Отанымызда, қасиетті Қазақстанымызда үлкен мереке – Мемлекеттік рәміздердің қабылданған күні аталып өтуде.

Осы орайда, баршаңызды Тәуелсіз мемлекетіміздің – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!

Мемлекеттік рәміздер – Мемлекеттік ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн – егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетеміздің ең басты құндылықтары. Ту – тәуелсіздік пен тұтастықтың тұғырлы өлшемі, азаттықтың айырылмас бөлшегі! Ол ежелден елдіктің басты белгісі болып есептелген. Туды кие тұтып, айрықша қастерлеу – ата-бабаларымыздан тамыр тартқан арналы дәстүр.

Сондықтан, Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, бекем ұстау, қасиет тұту – бүгінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс.

Елтаңбаның ең басты белгісі – күн бейнелі шаңырақ. Шаңырақ – қазақтың ең қасиетті дүниесі. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз киіз туырлық жабылған шаңырақ астында өмір сүріп келді. Елтаңбада алтын қанатты жылқылар – қос пырақ бейнеленген. Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы пырақтар мініп, білектің күші, найзаның ұшымен кең-байтақ жерімізді ұрпағы үшін қорғады. Сондықтан да Елтаңбадағы қос пырақтың бейнесі терең тарихымыздың сырын ашады.

Мемлекеттік Гимн – ұлттық және патриоттық тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Гимн – халқымыз тарихының тереңдігі, еңбексүйгіштігі, ынтымақ пен бірлік, береке мен бейбітшілік жыры.

Осы орайда, барлығыңызды Мемлекеттік рәміздерімізді көздің қарашығындай қорғауға, қастерлеуге шақырамын.

Еліміздің өркендеп-өсіп, абыройы мен мәртебесінің асқақтай түсуіне қызмет ете берейік! Отанымыздың нағыз патриоттары болайық!