Қымбатты жерлестер! Қадірменді ағайын!

Соңғы күндері елімізде орын алған бүлікшілік пен лаңкестік іс-әрекеттер қарапайым халықтың қалыпты өмір тіршілігіне және әлеуметтік нысандар мен мекемелердің үздіксіз жұмыс жасауына айрықша нұқсан келтіріп отыр.

Осы орайда, елдегі қалыптасқан жағдай және қабылданып отырған шаралар туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаев бірер күн бұрын халыққа өзінің Үндеуін жариялады.

Президент бұл іс-әрекеттердің әскери дайындығы мықты, арнайы жаттықтырудан өткен және белгілі бір басқару пункті арқылы басқарылатын ішкі және сыртқы қарулы лаңкестер тарапынан жасалып отырғандығын мәлімдеді. Сол себептен де, Қазақстан Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттерден конституциялық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында біріктірілген бітімгерлік күш енгізуді сұрады.

Біріктірілген бітімгерлік күш Қазақстандағы жағдай тұрақтандырылғанға дейін қысқа мерзім аралығында жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, Президент кейбір аймақтарда интернеттің ішінара іске қосылатынын, бірақ оның жалған деректер орналастырып, елдегі тұрақтылықты бұзуға бастайтын  ақпараттар тарату, арандату үшін пайдалануға қатаң тыйым салынатынын, ондай жағдайда арандатушылар анықталып, оларға жаза қолданылатынын жеткізді. Қ.К.Тоқаев өңірлердегі төтенше жағдайдың кезең-кезеңімен алынатынын айтып, халыққа, оның ішінде студенттерге бүлікшілердің арандатуына еріп кетпей, тыныштықты сақтауға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі, саналы азаматтық ұстанымдары үшін ерекше алғысын білдірді.

Осы орайда Мақтаарал ауданы, Кентау қаласы тұрғындарымен кездесу өткізу барысында елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырған қазыналы қарттарымыз бен өнегелі өрендерімізге, жалпы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларының халқына бүлікшілдікке бой бермей, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Өңір басшысы Ө.Е.Шөкеев бастаған тиісті құрылымдар мен облыстық мәслихат депутаттары қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді шешу жөнінен бірізді жұмыстар жүргізе беретін болады.

 

Қадірлі ағайын, лаңкестікпен байланысты ел басына күн туған қайғылы сәтте Президентіміз халықпен бірге болып, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыру жөнінен күрделі реформалар мен қажетті шаралар кешенін қабылдайтындығын жеткізді. Аз уақытта қабылданған шаралар өз нәтижесін берері сөзсіз.

Жаман түстей бұл күндер де артта қалып, еліміз қарқынмен дамитындығына сенімдімін. Бұл жөнінде Президентіміз өз сөзінде: «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын» – деп айтты. Әрине, осынау сын сағатта Президентіміздің бұл сөздері халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ерік-жігерін ынталандыра түсті деп ойлаймын.

Әлі-ақ Отанымыз – Қазақстан қарыштап дамитын болады.           Біз барша халық болып Мемлекет Басшысының Үндеуіне құлақ асып, қастерлі елімізде тыныштық пен берекелі өмір орнату ісінде қолдау көрсетуіміз аса маңызды. Сын сағатта халқымызға тән биік парасаттылық пен даналығымызды көрсете білейік, ағайын!

 «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Еліміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығы – біздің баға жетпес құндылықтарымыз. Сол себептен де, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын десек, берекелі бірлігімізді ту етіп, бейбіт өмірді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет, ардақты әлеумет!

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Қайрат Рахымұлы Балабиев