Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев пен Ә.Құртаевтың Сауран ауданындағы кездесуі

2021 жылғы 3 тамыз күні Сенат депутаттары Бектаев Әли Әбдікәрімұлы мен Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы жаңадан құрылған Сауран ауданында кездесу өткізді. Аталған кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Сауран аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. Кездесуде жаңадан құрылған Сауран ауданының экономикалық дамуы туралы мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, тұрғындарға барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, ауыл, елді мекендерді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыру мәселелері бойынша халық қалаулылары пікір алмасып, көкейтесті мәселелермен бөлісті. Жиын барысында сөз алған Сенат депутаты Әли Бектаев Сауран ауданының құрылуымен аудан жұртшылығын және жаңадан сайланған халық қалаулыларын құттықтай отырып, ауданның әлеуетін арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. Сонымен қатар, Сенатор Әлімжан Құртаев өз сөзінде, ағымдағы жылы Сенатта 63 Заң жобасы қаралып, қабылданғанын жеткізді. Атап айтқанда, жер, сот, туризм, ғылым, адвокаттық қызмет көрсету және т.б. мәселелер бойынша қабылданған заңдардағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып өтті. Осы орайда, Сауран аудандық мәслихат хатшысы М.Күнпейісов аудандағы жол мәселесін көтеріп, осы мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Жиын соңында Сенаторлар айтылған ұсыныстар мен пікірлерді алдағы уақытта жүзеге асыруға атсалысатындықтарын жеткізді.