Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Ә.Бектаев пен Ә.С.Құртаевтың Түркістан облысының қалалық және аудандық мәслихаттары депутаттарымен онлайн кездесуі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бектаев Әли Әбдікәрімұлы мен Құртаев Әлімжан Сейітжанұлының Түркістан облысына жоспарланған жұмыс сапары аясында қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесуі онлайн режимде өтті.

Онлайн өткізілген отырысқа қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, қоғам өкілдері қатысты.

Халықпен болған кездесуде алдымен Сенат депутаты – Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Бектаев Әли Әбдікәрімұлы сөз алып, еліміздегі эпидемиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты бүгінгі кездесуді онлайн режимде өткізу туралы шешім қабылданғандығын атап өтті.

Сонымен қатар, Әли Әбдікәрімұлы жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тоқталып, онда жергілікті өкілді органдардың яғни, мәслихаттардың дербестігі кеңейтіліп, жауапкершілігі күшейтілгендігін жеткізді.

Атап айтқанда, мәслихат хатшыларына мәслихат сессияларына төрағалық ету және әр облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада мәслихаттардың екі тұрақты комиссиясы төрағаларының тұрақты негізде жұмыс жасайтын лауазымды тұлғалары туралы Заңға енгізілген өзгерістер туралы толығымен түсіндіріп өтті.

Осы тұста, мәслихатты тиімді басқару, сессиялардың нәтижелілігін арттыруға қатысты Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиевтің ұсыныстары қолдау тауып, Заңға өзгерістердің енгізілуіне арқау болғандығын атап өтті.

Сондай-ақ, сенатор ауыл әкімдерін сайлау туралы саяси реформаға қатысты Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға да егжей-тегжейлі тоқталып, толыққанды ақпарат берді.

Келесі сөз алған сенатор Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы жалпы Сенат қабырғасында атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Сенатор Әлімжан Құртаев Сенатта 63 заң жобасы қаралып, қабылданғанын жеткізді. Оның ішінде 2-еуі Конституциялық Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу,   2 – Дербес Заң қабылдау, 28 – қолданыстағы Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 31 – Халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау болып отыр. Жалпы, Сенатта сот, адвокаттық қызмет, заңгерлік қызмет, жер қатынастарын реттеу, ғылым, байланыс, туризм және т.б салаларға қатысты Заңдар қаралып, қабылданған.

Өз кезегінде, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары ауыз су, электр желісі, білім, ауыл шаруашылығы салалары мен басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Облыстық мәслихат хатшысы Балабиев Қайрат Рахымұлы Сенат депутаттарына Түркістан өңіріне қатысты түйткілді мәселелерді республика деңгейінде көтеріп, олардың шешілуі жолында жасап жатқан еңбектеріне алғысын білдіріп, елімізді өркендетудегі игілікті істеріне сәттілік тіледі. 

Жиын соңында сөз алған сенаторлар барлық айтылған ұсыныс-тілектер алдағы уақытта ескеріліп, жұмыс барысында қаралатындығын және Түркістан өңірін түлетуге барынша атсалысатындықтарын жеткізді.