Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә.Құртаевтың Сауран ауданындағы кездесуі

2021 жылғы 5 мамыр күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Құртаев Әлімжан Сейітжанұлы Түркістан облысына іссапармен келіп, жаңадан құрылған Сауран ауданында кездесу өткізді.

Аталған кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, жаңадан сайланған Сауран аудандық мәслихат депутаттары, Кентау қалалық мәслихат депутаттары және Сауран ауданы әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.

Кездесуде жаңадан құрылған Сауран ауданының экономикалық дамуы мен құрамынан бірқатар ауылдық округтері Сауран ауданына өткен Кентау қаласының өркендеуі  туралы мәселелер қозғалды. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарға барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, ауыл, елді мекендерді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыру. Осы мәселелер бойынша отырыста халық қалаулылары пікір алмасып, көкейтесті мәселелермен бөлісті.

Жиын барысында ең алғашқы болып сөз алған Сенат депутаты Әлімжан Құртаев Сауран ауданының құрылуымен және жаңадан сайланған халық қалаулыларын құттықтай отырып, жаңа ауданның әлеуетін арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстыра отырып, депутаттардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Өз сөзінде, Ә.Құртаев ағымдағы жылы  Сенатта 40 астам Заң жобасы қаралып, қабылданғанын жеткізді. Атап айтқанда, жер, тұрғын үй, өнеркәсіп, цифрландыру, ғылым, ұлттық құндылықтар және т.б. мәселелер бойынша қабылданған заңдардағы өзгерістерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, Кентау қаласының экологиялық ахуалына қатысты да тиісті шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді.

Осы орайда, Сауран аудандық мәслихат хатшысы М.Күнпейісов және аудандық мәслихат депутаты Н.Жүсіпбаев тұрғын үй, жер, ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, сонымен қоса, осы саладағы заңдарға жиі өзгерістер енгізілу салдарынан бірқатар қиындықтар туындайтындығын жеткізіп, осы мәселені оңтайландыруды ұсынды.

Сенат депутаты Әлімжан Сейітжанұлы айтылған ұсыныстар мен пікірлерді алдағы уақытта жүзеге асыруға атсалысатындығын жеткізді.

Басқосу соңында облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев  жиынға қатысушыларды тағы да тарихи оқиғамен құттықтай отырып, жаңа ауданның жаңа құрамына аудан экономикасын көтеру жолындағы игілікті істеріне сәттілік тіледі.