Қадірлі аналар! Құрметті әпкелер мен қарындастар!

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты. Бұл күн – отбасы берекесі мен ұйытқысы болып табылатын біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн.

Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», – дейді. Расында, біздің қазіргі қоғамымызда әйелдер Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеумен қатар қиын-қыстау кезде азаматтарға сенімді тірек болып, мемлекеттің өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі екендігі ақиқат. Осы орайда, өңірімізді дамыту мен оның халқының      әл-ауқатын жақсарту жолында еңбек етіп жүрген әйел азаматтарына алғысымды білдіремін.

Қымбатты ханымдар! Осынау айтулы мерекемен тағы да құттықтай отырып, Сіздердің аттарыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын дегім келеді. Тамаша көктемнің мерекесі күні Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!

Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

 

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев