Құрметті жерлестер!

Күні кеше еліміз үшін маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті.

Сайлауда, өңір тұрғындары белсенділік танытып, 80 пайыздан астамы дауыс берді. Бұл дегеніміз, облыс тұрғындарының саяси белсенділігінің жоғары екендігін және ел болашағына бей-жай қарамайтындықтарын аңғартады.

Міне, халқымыз көпшілік дауыспен еліміздің көшін бастайтын тұлғаны анықтады. Exit poll-дың қорытындысымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 82,45 пайызбен жеңіске жетіп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлаудағы сенімді әрі әділ жеңісі – халықтың Мемлекет басшысының прогрессивті реформалары төңірегінде бірігуінің және жаңа, әділетті Қазақстан құру идеясын қолдайтындықтарының айқын көрінісі. Әрине, бұл                                 жеңіс – барлығымызға ортақ. Бұл жалпы Қазақстан халқының жеңісі.

Өйткені, халқымыз көптен бері үлкен өзгерістерді күтуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақстандықтардың өмірлік белсенділігін арттырып, олардың ел тағдырына араласуын жоғары деңгейге жеткізу және қоғамның пікірін алдыңғы орынға қою, халықтың мемлекеттік істерді басқаруға қатысу құқығы мен билік органдарының халық алдындағы есептілігін кеңейту туралы реформаларынан халқымыз көп үміт күтеді. Бүгінде бұл реформаларды іске асыру жұмыстары басталып та кетті.

Ендігі уақытта осы реформалардың логикалық жалғасы болып табылатын Президенттің алдағы 7 жыл ішінде сайлауалды уәделерді жүзеге асыру міндеттері тұр.

Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді. Ол өз сөзінде: «Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!» – деді.

Дана халқымыз «Қол жұмылмай – жылынбайды»,- демекші, осындай  мемлекетіміз жаңа саяси жаңғырудың алдында тұрған тарихи кезеңде бірлігімізді бекемдеп, Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құруға атсалысайық, ағайын!

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев