Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды

2022 жылғы 26 қазанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республикалық қоғамдық штабта өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол Президент қызметінде үш негізгі қағиданы ұстануға ниетті екенін айтты.

Бірінші қағида – Әділетті мемлекет.

– Біз саяси жаңғыртуды дәйекті түрде жалғастыра береміз. Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырамыз. Біз сот билігінің тәуелсіздігін нығайтамыз. Құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізіп, армиямыздың қорғаныс қабілетін арттырамыз. Біз жүргізген конституциялық реформа мен институционалды өзгерістер Қазақстан дамуының түбегейлі жаңа саяси моделінің негізін қалады, – деді Қ.Тоқаев.

Екінші қағида – Әділетті экономика.

– Бұл халықтың, бизнес пен мемлекеттің мүдделерін тең қорғау идеясына негізделген әділетті экономиканы құруды, ресурстарды тиімді пайдалануды білдіреді, – деп атап өтті үміткер.

Үшінші қағида – Әділетті қоғам.

Бұл қағида дамыған әлеуметтік инфрақұрылым құруға және адам әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашуды, әділетті әлеуметтік саясат жүргізуді көздейді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи таңдау жасауға шақырды.

– Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз, – деді.