Халықтың еркін білдіру – мәслихатқа жүктелген мерейлі міндет!

 Күні кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған Заңға аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту, бюджеттік рәсімдерді оңайлату, әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру сынды өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, жергілікті өкілді органдардың яғни, мәслихаттардың дербестігі кеңейтіліп, жауапкершілігі күшейтілді.

Осы тұста, мәслихатты тиімді басқару, сонымен қатар сессиялардың нәтижелілігін арттыруға қатысты өзгерістердің енгізілуіне Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиевтің қосқан үлесі ерекше деп айтуға болады.

Өйткені, Заңдағы өзгерістердің бірқатарына Қайрат Рахымұлының 2019 жылғы 22 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңес отырысында ұсынған ұсыныстары арқау болып отыр.

Олардың қатарында мәслихат хатшыларына мәслихат сессияларына төрағалық ету функцияларын беру, сондай-ақ, мәслихаттардың тұрақты комиссиялары төрағаларының тұрақты негізде жұмыс жасауы сынды ұсыныстар болды.

Міне, бүгінде осы ұсыныстар қолдау тауып, нәтижесінде мәслихат хатшыларына мәслихат сессияларына төрағалық ету және әр облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада мәслихаттардың екі тұрақты комиссиясы төрағаларының тұрақты негізде жұмыс жасайтын лауазымды тұлғалары туралы Заңға өзгеріс енгізілді.

Бұл өзгерістер жергілікті деңгейдегі мәслихаттардың халықпен байланысын нығайтып, мәслихат сессияларының жүргізілу деңгейін, кәсібилігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, депутаттар корпусын басқаруға да оң әсер етеді деп білеміз.

Әрине, бұл ұсыныстардың Заңда көрініс тапқандығы бізді қуантады. Ендігі міндет – Заңдағы мәселелерді жүзеге асыруды жылдам әрі сапалы іске асыруға бәріміз атсалысуымыз қажет.