Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсіздік күні – ұлы мереке. Қай заманда да қай елде болмасын бұл тарихи күн болып саналады. Себебі, кез келген мемлекет Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басады.

Біздің ата-бабаларымыз да ғасырлар бойы азаттықтың ақ таңы түбі бір атарынан үміт үзбей Тәуелсіздік алуды армандап өтті.

Ұлан-ғайыр даланы аман сақтау үшін жанқиярлықпен күресті. Халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалып, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді.

Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы.

Міне, біз бүгін еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап отырмыз.

 Біз осынау шын мәніндегі жалпыхалықтық мерекені жыл сайын керемет толқынысты сезімдермен қарсы алып, еліміздің қол жеткізген ғаламат жетістіктерін зор мақтанышпен атап өтеміз.

Дана халқымыз «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегенді тегін айтпаса керек.

Жас та жасампаз мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы табысқа толы шежіресіне көз тастай отырып біз қайта құрудың, өсу мен өркендеудің жолында қаншалық ауқымды жұмыстар атқарылғанын, небір қиындықтарды еңсеріп, қандай асқақ асуларды бағындырғанымызды бағамдай аламыз.   

Қазақ елінің осынау жылдарда қол жеткізген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен және оның сарабдал саясатымен тікелей байланысты.

Өздеріңізге белілі, біздің елімізде жалпыхалықтық референдум арқылы Конституция қабылданып, соның негізінде заңнамалық база қалыптасты.

Ата Заңымыздың қабылдануымен Қазақстан өзін әлемге құқықтық-демократиялық, зайырлы ел ретінде танытты.

Мемлекеттік Тудың, Елтаңба мен Гимннің қабылдануы және ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енуі өзіндік сара жолын қалыптастыра алған жас мемлекетті айшықтады.

Әлемнің картасында жаңа астана пайда болды. Сарыарқаның төсіндегі ару Астана қазақстандық даму жолының символына, барша отандастарымыздың зор мақтанышына айналды.

Қазіргі таңда бұл қала көпұлтты халқымыздың ынтымағын ұйыстырып, жастарды асқақ мақсаттарға қарай шабыттандыруда.

Осындай мега жобалардың бірі – киелі Түркістанның Оңтүстік өңірдің әкімшілік орталығы атануы. Бұл тарихи шешім облыс орталығы атанған көне шаһарға ерекше тыныс беріп, жаңа серпінмен дамуына  жол ашты.

Бұл жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бір сөзінде «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді»- деп айтқан болатын.

Міне, бүгінде күн санап түлеп келе жатқан Түркістан Президентіміздің жіті бақылауымен мыңдаған өркениеттер мәдениеті мен қазіргі заманғы жаңашылдық өзгерістерді өз бойына жинақтаған жаңа форматтағы шаһарға айналып отыр.

Небәрі үш жылдан астам уақытта киелі мекен адам танымастай өзгеріп, облыста қыруар жұмыстар атқарылды.

Бұған баршамыз куәміз. Себебі былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды.

Әсіресе, биылғы жыл қашан да қазанынан құт, елінен ырыс кетпеген, ұлысымыздың ұйытқысы болған Түркістан облысы үшін берекелі жыл болды десем артық айтпағаным болар. 

Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Түркітілдес         мемле­кет­тер­­­дің ынтымақтас­тық ке­ңе­сі­нің бейресми сам­митінде Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді.

Барлығымызға үлкен қуаныш сыйлаған бұл маңызды            оқиға – бабалар рухына тағзым және бүкіл түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын көне шаһарға берілген әділ баға деп білемін.

Бұл оқиға бүкіл Қазақ елінің халықаралық аренада бұған дейін қол жеткізген табыстарын еселей түсіп, Алаш жұртының әлемдік қауымдастықтағы абыройын асқақтатты.

Әрине, осындай толағай табыстарға қол жеткізуіміз ең алдымен тәуелсіздігіміздің арқасы.

Елбасымыз өзінің бір сөзінде «Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз ел деген ұғымды Құрандай қастерлеп, ұрандай ұстанып келген. Сондықтан біз басымызға қонған бақты бағалай білейік. Аталарымыздың сан ғасырлық аңсары болған тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет» деген болатын.

Жақында жастарға жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» атты Үндеуінде де Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық және Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі екендігін ерекше атап өтті.

Елбасымыздың осынау ұлағатты сөздерін тәуелсіз елдің әрбір азаматы жүрегімен ұғып, тереңнен түсінеді деп ойлаймын.

Сондықтан, тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиіспіз.

Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек ету, қажет болса, жанқияр ерлік көрсету – әрбіріміздің азаматтық парызымыз!

Халқымыздың бірлігі, еліміздің ырысы артып, Мәңгілік Ел мұраттарына жете берейік!

Қазақ елінің бағы баянды болып, әлем таныған азаттығымыз ғасырдан ғасырларға жалғаса берсін!

Осы орайда, барша қазақстандықтарды Ұлы мереке – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! 

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Қ.Балабиев