Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы туралы

2021 жылғы 12 қазанда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясы өтті.

 Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі «Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы туралы» мәселесі бойынша облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбекке сөз берілді.

Қ.Қайыппек өз баяндамасында Даму бағдарламасы бойынша  экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқық қорғау, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, туризм саласында атқарылған жұмыстар мен нәтижелері туралы баяндады.

Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдың қорытындысымен 2 трлн. 384,2 млрд.теңгені, немесе 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 8,2 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 535,2 млрд.теңгені, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 96,0 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы бойынша 2020 жылы 729,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 105,1 пайызды құраған. 131,6 га жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1 246,0 га болды. Білім саласы бойынша 15,7 млрд. теңгеге     63 білім нысандарының құрылыстары жүргізіліп, 2020 жылы 16 нысан пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде 1 апатты және  1 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілді.

2020 жылы 1414 балабақшалар жұмыс жасап, 3-6 жас аралығында балаларды бақшамен қамту 100 пайызды  құраған.

2020 жылы 6,4 млрд.теңгеге 7 медицина мекемелерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық жабдықтауға 16,7 млрд. теңге қаралған.

Құқық бұзушылықтың саны 2019 жылмен салыстырғанда 28,0 пайызға, оның ішінде тонау 46,0 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 53,8 пайызға, бұзақылық қылмыстары 34,4 пайызға кеміген.

Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі жылдан жылға ұлғайып, 2018 жылы – 7,1 пайыз, 2019 жылы – 11,2 пайыз, 2020 жылы – 13 пайыз құраған.

2020 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 300,0 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 65,8 пайызға артқан. Нәтижесінде 735,5 мың шаршы метр немесе 6059 пәтер тапсырылған. Жалпы, бұл жұмыс 18,6 пайызға артығымен орындалған.