Түркістан облысының құрамында құрылатын жаңа ауданға атау беру туралы

2021 жылғы 4 ақпанда онлайн режимде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Түркістан облысының құрамында құрылатын жаңа ауданға атау беру туралы ұсынысты енгізу туралы мәселе қаралды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Түркістан облысының құрамында құрылатын жаңа ауданға атау беру туралы мәселе бойынша 2021 жылғы 18 қаңтарда Кентау қаласының құрамына кіретін 12 ауылдық округтердің, атап айтқанда, Бабайқорған, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Жібек Жолы, Жүйнек, Ияссы, Қарашық, Шорнақ, Оранғай, Үшқайық, Шаға, Майдантал ауылдық округтерінің әкімшілік ғимараттарында жергілікті қоғамдастық жиналыстары өткен. Нәтижесінде, Кентау қаласы тұрғындарының пікірін ескере отырып, Түркістан облысы Кентау қаласының құрамына кіретін жоғарыда аталған 12 ауылдық округтерінен қосылу жолымен құрылатын ауданға Сауран деп атау беру туралы ұсыныс түсті.

Аталған мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Түркістан облысының құрамында құрылатын жаңа ауданға – Сауран деп атау беру туралы ұсыныс енгізілсін деген бірлескен Түркістан облысы әкімдігі қаулысы және Түркістан облыстық мәслихатының шешімі қабылданды.