Түркістан облысының қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасы бекітілді

2021 жылғы 18 маусым күні Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жетінші сессиясы өтіп, онда  Түркістан облысының қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасы бекітілді.

Түркістан облысының қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасының мақсаты  қалдықтардың пайда болу көлемін және қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайту мақсатында оларды басқару жүйесін ұйымдастыру болып табылады.

Облыс аумағындағы 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған қалдықтарды басқару бағдарламасын және әкімшілік шаралар мен халықты ақпараттандыру жөніндегі шараларды, өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинау, кәдеге жарату және көму жүйесін дамытуды қамтитын іс-шаралар жоспары әзірленген.

Қалдықтарды басқару бағдарламасы аясында екі сатылы қалдық жинау, қалдық тасымалдау, қалдық реттеу станцияларын қолдану арқылы жүзеге асыру жұмыстары қарастырылған.

Түркістан облысының қалдықтарымен жұмыс істеудің технологиялық схемасын құрудың негізгі принциптері:

– қалдықтардың ресурстық әлеуетін барынша пайдалану-соңғы көму алдында қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді енгізу есебінен қайталама шикізаттың барынша көп мөлшерін алу;

– қайталама шикізат түрінде кәдеге жарату фракцияларын іріктеу есебінен қалдықтарды орналастыру объектілерінің қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайту мақсатында көмуге жіберілетін қалдықтар санын азайту;

– жинау сатысында улы қалдықтарды алу есебінен көмуге жіберілетін қалдықтардың уыттылығын төмендету, ресурстық әлеуеті бар қалдықтарды көмуді болдырмау;

– қалдықтарды шығарудың екі кезеңді жүйесіне көшу және қалдықтарды қайта өңдеу және залалсыздандыру жөніндегі объектілерді енгізу;

– жеке инвесторларды қалдықтармен жұмыс істеу жүйесіне барынша тарту.