Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының 2021 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есебі

2022 жылғы 14 наурызда өткен сессияда Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының 2021 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды.

Есепте Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасы тарапынан ауыз сумен, электр энергиясымен, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар айтылды.

Атап айтқанда, ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 58 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 млрд. теңге  бөлініп,  25 нысан пайдалануға беріліп, 20 елді мекен ауыз сумен қамтылып, 8 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, жыл қорытындысымен облыстағы 841 елді мекеннің 717 елді мекені ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Су бұру бойынша 13 нысанның құрылысына бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлініп,  8 нысан пайдалануға беріліп, Түркістан қаласындағы 10,6 мың халық су бұрумен қамтамасыз етілді, Арыс қаласы мен Түлкібас ауданындағы                кәріз-тазалау ғимараттары, Сарыағаш қаласындағы магистралды кәріз коллекторы және кәріздік-сорғы станциясының құрылысы салынып, пайдалануға берілген.

Табиғи газбен қамтамасыз етуге 2021 жылы 97 нысанның құрылысына 15,1 млрд.теңге бөлініп, 28 нысан пайдалануға беріліп,  жыл қорытындысымен, 457          елді        мекен немесе  1 млн. 374 мың халық табиғи газбен қамтамасыз етілген.

       Облыстағы 841 елді мекеннің 825-і орталықтандырылған электр желісімен, 16 елді мекен дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген.

2021 жылы электрмен қамтамасыз ету саласын дамытуға  53 нысанның құрылысына 7,9 млрд. теңге  бөлініп, жылдың қорытындысымен 19 нысан  пайдалануға тапсырылып, 40 елді мекен сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілген.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында қуаты 220,1 мегаватт болатын 20 жоба іске асырылып, 2021 жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарынан 375,6 млн. киловатт сағат электр энергиясы өндірілді.