Түркістан облысында көші-қон процестерін реттеу қағидалары бекітілді

2021 жылғы 12 қазанда өткен облыстық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясында Түркістан облысындағы көші-қон процестерін реттеу  қағидаларын бекіту туралы мәселе қаралды.       

Осы Түркістан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы №296 қаулысымен бекітілген Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және келісімдерге сәйкес әзірленді және Түркістан облысындағы көші-қон процестерін реттеудің тәртібін айқындайды. Аталған Қағидаларға сәйкес, көші-қон процестерін реттеу – адамның тұрғылықты жерді еркін таңдау, еңбек ету еркіндігін және қызмет түрі мен кәсібін өз қалауынша таңдауға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге, кету және орын ауыстыру бостандығына, шығу тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.

Өңірдегі көші-қон процестерін реттеу үшін Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызуға (жатқызбауға), шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға), қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелетін көші-қон процестерін реттеу саласында өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.