Түркістан облыстық қоғамдық штабтың атқарған жұмысы баяндалды

Бүгін, Түркістан облыстық қоғамдық штаб төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев және «AMANAT» партиясы жанындағы штаб төрағасы, партияның Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев журналистермен брифинг өткізді.
Брифингте референдумды қолдау бойынша құрылған штабтардың атқарған жұмыстары баяндалды.
Қ.Балабиев өз сөзінде конституциялық реформаларды кеңінен насихаттау мақсатында қоғамдық штаб 4 топқа бөлініп, облыс көлеміндегі барлық ауыл-аймақтардың тұрғындарымен белсенді түрде кездесулер өткізіп отырғандығын айтты. Бұл ретте, бүгінгі күнге дейін облыста 1515 түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, 134 мыңнан астам тұрғын қамтылғандығын жеткізді.
Осындай кездесулер үстінде Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістердің қалың көпшіліктің көңілінен шығып жатқандығын аңғару қиын еместігін және халық осы конституциялық реформадан көп үміт күтетіндігін атап өтті.
Сондай-ақ, Қ.Балабиев 6 мамырдан бастап Қоғамдық штабтың баннер эскиздерін барлық аудан, қала әкімдіктерінің аумағында ілінгендігін, жалпы 647 баннер мен ЛЕД-экранда эскиздерінің (576 мыңнан аса үгіт-насихат құралдары таратылды) орналастырылғандығын айтты. Одан бөлек, базар мен сауда үйлерінде арнайы радиорубкалардан референдум өтуі бойынша хабарламалар жарияланып, Қазпошта, Халыққа қызмет көрсету орталығында, мешіттерде, халық көп жүретін жерлерде дауыс ұлғайтқыш құралы арқылы және телеарналардағы жүгіртпе жолдар арқылы да хабарландырулар жарияланғандығын жеткізе отырып, бұл бағыттағы жұмыстар 3 маусымға дейін жалғасатындығын хабарлады.
Сонымен қатар, брифинг барысында спикерлер атқарылған жұмыстармен қатар журналистердің сұрақтарына жауап беріп, референдумның маңыздылығын айтып өтті.