Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес отырысы

2021 жылғы 17 ақпан күні облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Аталған жиынға облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, облыстық кеңес төрағасы Ж.Шәріпбек, кеңес мүшелері және облыс әкімдігінің мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Облыс әкімі өз баяндамасында аймақ дамуының негізгі деген бағыттарына тоқталды. Әлем экономикасын құлдыратқан пандемияның салдары ел өміріне де өзгерістер енгізгенін ескерген облыс басшысы өткен жылды жалпы алғанда, Түркістан облысы нәтижелі аяқтағанын айтты. Экономикада өсім, салықта түсім бар. Жалпы өңірлік өнімінің өсімі бойынша облыс республикада өңірлер арасында 1 орында. Бюджет қаржысы толығымен игерілген. Агросалада да айтарлықтай алға жылжу бар. Инвестиция тарту бойынша облыс өте жоғары көрсеткіштермен жылды қорытындылады. Ауыл шаруашылығы саласы көш ілгері.

Сонымен қатар, өңір басшысы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс пен әлеуметтік салаларға, туризм, инфрақұрылымды дамыту мен Түркістан қаласының дамуы туралы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Одан бөлек, кеңес отырысында облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев баяндама жасап, мәслихат тарапынан атқарылған жұмыстар мен мәслихат сессияларында қаралған маңызды шешімдерге тоқталды.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері есептің қорытындысы бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмысына өте жоғары баға берді.