Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиевтің кезекті он төртінші сессиясындағы баяндамасы

2021 жылы облыстық

мәслихат  қызметін ұйымдастыру,

депутаттардың  сауалдары мен

сайлаушылардың өтініштері бойынша

атқарылған жұмыстар жөнінде

 

 

Құрметті Өмірзақ Естайұлы!

Құрметті сессияға қатысушылар!

 

 

Бүгін, жоспарға сәйкес 2021 жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылау сәті келіп отыр.

Өздеріңіз білетіндей, бүгiнде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады.

Осы мақсатта, 2021 жылы облыстық мәслихаттың         13 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 146 шешім қабылданды, оның ішінде 25 шешім облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Атап айтқанда, облыстың бюджеті туралы, оның атқарылуы, өңірдің даму бағдарламалары мен жоспарлары, атқарушы органдардың есептері және тағы басқа да мәселелер қаралды.

Қабылданған әр бір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.

Жалпы, 2021 жылы облыстық мәслихаттың бюджет және экономиканың дамуы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 17 отырысы өткізіліп, 67 мәселе қаралса, кәсіпкерлікті, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның 13 отырысы өткізіліп,  69 мәселе қаралды.

Сол сияқты, мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясы       15 отырыс өткізіп, 68 мәселені қараса, аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы 13 мәжіліс өткізіп, 19 мәселені қарады.

Әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 13 отырысы өткізіліп, ол жерде  84 мәселе қаралды.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары өңірдің дамуына, қоғам өміріндегі түйіткілді мәселелердің оң шешім табуына белсене қатысып, облыстық мәслихат  шешімдерінің орындалуын тұрақты бақылауларында ұстауда.

Өткен жыл ішінде облыстық мәслихат сессияларында                  2021 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар уақтылы енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 7 рет нақтыланды.

2021 жылы облыс бюджетінің көлемі 1 триллион 152 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 44,7 % әлеуметтік салаға бөлінді.

Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді.

Атап айтқанда, 2021 жылға білім саласын қолдауға                   418,7 млрд.теңге, денсаулық сақтау саласына 25,1 млрд. теңге, әлеуметтік салаға 43,5 млрд. теңге қарастырылды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артты.

2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде.

2021 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 823,8 мың шаршы метрді құрап, 12%-ға артты.

 

Облыс бойынша жалпы 66 жаңа көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, пайдалануға берілген пәтерлер саны 2020 жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артты.

2025 жылға дейін шамамен 4,9 млн.шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.

Қадірменді ағайын!

 

Мәслихат өкілді орган ретінде халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын үнемі бақылауда ұстап отырады.

2021 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарға 433 депутаттық сауал жолданған. Оның 301-і немесе 69,5% қанағатандырылып, орындалған. Ал, қалған 132-і орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.

Жалпы 433 депутаттық сауалдың:

– 12,9 пайызы білім саласына;

– 12,2 пайызы әлеуметтік салаға;

– 11,3 пайызы құрылыс саласына;

– 8,5 пайызы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым (ауыз су, газ, электр энергиясы) саласына;

– 6,6 пайызы денсаулық саласына;

– 6,2 пайызы қаржы саласына, қалғаны өзге де салаларға қатысты.

Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.

2021 жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы          67 өтініш келіп түскен, оның ішінде 45-і жеке тұлғалардан, 22-і заңды тұлғалардан.

 

 

Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырды.

Бұдан бөлек депутаттар ел ішіндегі түрлі бас қосуларда, жиындарда тұрғындармен үнемі бірге болып, есепті кезеңде 400 жуық қоғамдық қабылдау өткізді.

Осындай жеке қабылдаулар мен кездесулерде 3000-ға жуық мәселе қаралды. Осы мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті хаттар жолданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді және аса мұқтаж азаматтарға материалдық көмек көрсетілді. Осылайша халықтың сұранысына ашық және жедел ден қою, кері байланыс орнатуға баса мән берілуде.

Сонымен қатар, 2021 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1292 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 1339 шығыс хат-хабарлар жолданды.

 

Құрметті сессияға қатысушылар!

Атқарушы органдармен тығыз байланыс жасай отырып, отандық экономиканы күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, елімізді одан әрі нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдау тұрғысынан мәслихаттардың орны ерекше.

Осы орайда облыстық мәслихат тарапынан өткен жылы өте маңызды шешімдер қабылданды.

 

Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу арқылы жаңа Сауран ауданын құру туралы облыс әкімдігімен бірлескен ұсынысы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылып, нәтижесінде өңірімізде жаңа Сауран ауданы құрылды және оның әкімшілік орталығы болып Шорнақ ауылы белгіленді.

Өз кезегінде, бұл тарихи оқиға жергілікті халықтың жедел әрі сапалы мемлекеттік қызметтерді алуына, өзекті әлеуметтік мәселелердің оң шешімінін табуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосуда.

Сонымен қатар, 2021 жылдың сәуір айында облыстық мәслихат тарапынан «Түркістан облысының шекарасын өзгерту туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізу туралы» бірлескен Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихатының шешімі қабылданды. Бұл шешімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына берілген жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу жолымен Түркістан облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізілді.

Мемлекеттік маңызы бар бұл мәселе барлығымыз үшін қуанышты жағдай болды. Бүгінде көршілес елдермен шекарасы шегенделген – бірден бір тәуелсіз ел атанып отырмыз. Себебі, шекара мәселесі көп елдер үшін әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Жалпы, есепті кезеңде  облыстық мәслихат маңызды шешімдер қабылдаумен бірге жергілікті өкілді органдардың жұмысын оңтайландыру бойынша Заңға өзгеріс енгізілуіне өз үлесін қосты. Атап айтқанда, 2021 жылы маусым айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл Заңда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту, бюджеттік рәсімдерді оңайлату, әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру сынды өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, жергілікті өкілді органдардың яғни, мәслихаттардың дербестігі кеңейтіліп, жауапкершілігі күшейтілді.

Осы тұста, мәслихатты тиімді басқару, сонымен қатар сессиялардың нәтижелілігін арттыруға қатысты өзгерістердің бірқатарына 2019 жылғы 22 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңес отырысында ұсынған ұсыныстарымыз арқау болып отыр.

Осы ұсыныстар қолдау тауып, нәтижесінде әр облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада мәслихаттардың екі тұрақты комиссиясы төрағаларының тұрақты негізде жұмыс жасайтын лауазымды тұлғалары туралы Заңға өзгеріс енгізілді. Әрине, бұл біз үшін қуантарлық жағдай.

Бұл өзгерістер жергілікті деңгейдегі мәслихаттардың халықпен байланысын нығайтып, мәслихат сессияларының жүргізілу деңгейін, кәсібилігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында және «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында барлық мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді басты назарға қойып отыр.

 

Осы тұста, Түркістан облыстық мәслихаты қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен  халықты ақпараттандыру мақсатында есепті кезеңде өткізілген барлық 13 сессияның онлайн-көрсетілімдері «Aitube» платформасында көрсетіліп, олардың бейнежазбасы Түркістан облыстық мәслихатының интернет-ресурсында орналастырылды.

Мемлекет Басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ақпараттық насихаттау жұмыстарын барынша жандандыру мақсатында арнайы Медиа-жоспар бекітілді.

Медиа-жоспарға сәйкес, мәслихат депутаттары есепті кезеңде мәслихат тарапынан қабылданған аса маңызды шешімдерді, еліміздегі айтулы оқиғалар мен қол жеткізген жетістіктері туралы республикалық және жергілікті БАҚ-та 700-ге жуық материалдар жариялап, телеарналарға сұхбаттар берді. Сондай-ақ, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында 3222 материал жарияланды.

Президентіміздің түрлі жиындарда тілге тиек ететін халықты әлеуметтік қолдау мәселесі де өңір депутаттарының назарынан тыс қалған емес.

Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы хал-қадірлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне қаржылай жәрдемдесіп, қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.

Соның бірі, өткен жылы еліміздегі қуаңшылық салдарынан орын алған жем-шөп тапшылығы кезінде, Маңғыстау облысының шаруаларына  көмек көрсетті. Дәлірек айтсақ, Түркістан облыстық мәслихаты мен Маңғыстау облыстық мәслихаттары арасында өзара ынтымақтастықты дамыту меморандумына қол қойылды. Меморандум аясында облыстық мәслихат депутаттары жыл соңына дейін мал азығымен қамтамасыз етуге демеушілік жасап, маңғыстаулықтарға рухани және қаржылай қолдау көрсетті.

Бұдан бөлек, халық қалаулылары жүйелі түрде өңіріміздегі тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға жүйелі түрде қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.

 

Құрметті қауым!

Бірлік пен келісім сынды құндылықтардың кез келген қоғамды ұлы мұраттар мен жетістіктерге жетелейтіні заңдылық.

Біз уақыт биігінен қарай отырып, берекелі бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында өткен жылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік деп зор мақтанышпен айта аламыз.

2021 жылдың наурыз айында өткен Түркітілдес       мемле­кет­тер­­­дің ынтымақтас­тық ке­ңе­сі­нің бейресми сам­митінде Түркістан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді.

Барлығымызға үлкен қуаныш сыйлаған бұл маңызды оқиға – Түркістанның геосаяси кеңістіктегі жаңа тауашасын айқындауға негіз болды және киелі мекеннің дамуын өзгеше сатыға көтерген керемет тарихи кезеңнің бастауы болып отыр.

Сонымен қатар, бұл бабалар рухына тағзым және бүкіл түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын көне шаһарға берілген әділ баға деп білемін.

Бұл оқиға өңіріміз былай тұрғанда, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

 

 

Бүгінде, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының басшылығымен Түркістанды Түркі әлемінің туристік орталығына айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, қасиетті мекенде түрлі зәулім нысандар салынды.

Өз кезегінде, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары да жасампаз істің жанынан табылып, Түркістанды көркейтуге өзіндік үлестерін қосты.

Өткен жылы мәслихат депутаттарының демеушілігімен Түркістан қаласына кіреберістегі көпір аумағында жарықтандыру, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Осы орайда, облыстық мәслихат депутаттарының облыс басшылығының тың бастамаларын қолдап, өңіріміздің дамуына атсалысауға әркез дайын екендігін айтқым келеді. Себебі, Түркістан барлығымыздың ортақ туған мекеніміз. Ол бірнеше ғасыр бұрын қазақ халқын біріктірген шаһар.

Сондықтан, бұл ұлы міндет әлі де жалғасып, алдағы уақытта Түркістан бірліктің, ғылымның, шығармашылықтың, елдіктің орталығына айналады деп сенемін.

 

Құрметті сессияға қатысушылар!

Жыл басы еліміз үшін ауыр сынақтармен басталып, тарихта «Қасіретті қаңтар» деген ызғарлы атаумен қалары анық. Осындай ел басына күн туған шақта біздің күш-қуатымыз тек мызғымас бірлікте екендігін айқын сезіндік.

Тәуелсіздігімізге, тұтастығымызға қатер төнгенде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал шешімі мен қайрат-жігерінің арқасында лаңкестердің бүлікшілік                іс-әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоя білдік.

Осы күндері облыстық мәслихат депутаттары да облыс аудандары мен қалаларындағы наразылықтар толқынын басу мақсатында жергілікті жерлерге барып, жиналған жұртшылықпен кездесулер мен дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы өңірдегі тыныштықты сақтауға барынша өз үлестерін қосты.

Аталған кездесулер барысында тұрғындар тарапынан айтылған талап-тілектер жинақталып, тиісті құзыретті органдарға жолданып, жұмыстар жүргізілді.

Мемлекет Басшысы өзінің бір сөзінде: «Қиын күндер артта қалды. Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Жаңа Қазақстанды Бірге құрайық!»- деп, айтып өткен болатын.

Осы тұста, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде елімізде орын алған қақтығыс салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеру жолдары мен  халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін және оларды шешудің бағыт-бағдарын айқындап берді. Ел экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау, қаржы нарығын реттеу және ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың тиімділігін арттыру бойынша  Мемлекет Басшысы көтерген мәсе­­ле­­лер­дің барлығы – халықтың  көкіре­гінде жүр­ген сауалдар.

Ендігі кезекте, бұл міндеттерді іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір­лігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қа­жырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қа­зақстанды бірге құруға күш салайық, әріптестер!

Назарларыңызға рахмет!