Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы

2022 жылғы 6 мамырда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 22 мәселе қаралды.

Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев жүргізді.

Сессияда Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды. Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың Түркістан облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы А.Сәлімов баяндама жасап, басқарманың жұмысына комиссияның қорытындысы бойынша оң баға берілгендігін жеткізді.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі басты мәселелер бюджет және  облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту жөнінде облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.

Одан бөлек, Түркістан облыстық мәслихатының бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамынан депутаттық өкілеттігі өз өтініші бойынша тоқтатылған  Салықбаев Абзал Мырзаханұлы шығарылып, орнына Үсентаев Ержан Рахымұлы – «Ақ-су групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры сайланды.

Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді.

Жалпы, сессия жұмысында мәслихат депутаттары 22 мәселені қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев сессия жұмысын қорытындылай отырып, облыста қолға алынған игілікті бастамалар мен атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, Аяшев Оңалбай Аяшұлына Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысын, Әбіш Дулатбек Назарбекұлына «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы А.Ораловтың және Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыстарын табыстады.