Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы

2022 жылғы 14 наурызда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 22 мәселе қаралды.

Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев жүргізді.

Сессияда Түркістан облысының энергетика және тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасы басшысының  2021 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады. Ол өз баяндамасында 2021 жылы облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 13,3 млрд.теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынып, 3 жоба бойынша жекеше әріптестермен келісім шарттар түзілгендігін жеткізді.

Сессия жұмысында жаңадан облыстық Қоғамдық кеңестің құрамы және Түркістан   облысы бойынша барлық денгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізудің 2022 жылға арналған кестесі бекітілді. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді.

Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев сессия жұмысын қорытындылай отырып, бірқатар азаматтарды  облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет орденімен, мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамоталары мен Алғыс хатымен, Түркістан облысының Құрмет Грамотасымен марапаттады.

Жалпы, сессия жұмысында мәслихат депутаттары 18 мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдап, қалған төрт мәселе бойынша ресми әкімшілік процедуралардың өтуіне байланысты сессия жұмысында екі аптаға үзіліс жарияланды.