Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он үшінші сессиясы

2021 жылғы 10 желтоқсанда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он үшінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 26 мәселе қаралды.

Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев жүргізді.

Сессияда жылдың қорытындысы бойынша бірқатар салалар бойынша атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалды.

Атап айтқанда, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының және облыстық мәслихаттағы партия фракциясының атқарған жұмыстары туралы есебі бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары – фракция жетекшісі Бейсен Дәулетұлы Тәжібаев баяндама жасады.

Сонымен қатар, күн тәртібінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау және облыстық қоғамдық даму басқармалары басшыларының есептері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады. Ол өз баяндамасында 2022 жылға облыстық бюджеттің түсімдері мен шығыстардың жалпы көлемі 710,1 млрд. теңгені құрап отырғанын жеткізді.

Сессия жұмысында кейбір депутаттардың өкілеттігі тоқтатылып, жаңадан депутаттар сайланды.

Атап айтқанда, Түркістан облыстық мәслихатының кәсіпкерлікті, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамынан Әмірәлиев Әли Орынбасарұлының қайтыс болуына және Жансерік Мұсаханұлының жеке өтініші бойынша депутаттық өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Түркістан облыстық мәслихатының кәсіпкерлікті, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына жаңадан сайланған депутаттар Айтқұлов Бекжан Бахтыбекұлы, Мұсабеков Базарбай Зубайдуллаұлы сайланды.

Жалпы, сессия жұмысында мәслихат депутаттары 26 мәселені қарап, тиісті шешімдер қабылдады.

Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев сессия жұмысын қорытындылай отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында депутаттарды мерекелік медальдармен марапаттады.