РЕФЕРЕНДУМ: МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ТҮРКІСТАНДА ЗИЯЛЫ ҚАУЫММЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістанға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев іссапармен келіп, зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен кездесті. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев те қатысып, саяси науқанды саралады. «Farab» кітапханасында өткен жиында алдағы саяси науқанның мән-маңызы сарапталып, енгізілетін өзгерістердің халыққа берер нақты пайдасы сөз болды.
Алқалы жиында Мәулен Әшімбаев алда келе жатқан саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, референдум арқылы Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Бұл – мемлекет пен қоғамның байланысын бұрынғыдан да жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарттарының бірі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сенат төрағасына Түркістан облысын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Түркістан облысының құрылуы өңірдің дамуына, Түркістан қаласының түрленуіне серпін бергенін атап өтті.
Зиялы қауыммен кездесуде референдуммен бірге саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын зерттеу, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау мәселесі де кеңінен талқыланды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өткен басқосуда ел тарихындағы қасіретті жылдар жайлы да мағлұмат беріліп, пікір алмасылды. Сенат төрағасы еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылғанын, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Былтыр Сенат бастамасымен құнды деректерден тұратын 5 томдық ғылыми еңбек жарық көрді. Оған түркістандық ғалымдар да үлес қосқан.
Жүздесуде түркістандық зиялы қауым өкілдері өз ұсыныстарын жеткізді. Сенат төрағасы Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар назарда болатынын, ұсыныстар ескерілетінін мәлімдеді.