Облыстағы апатты және үш ауысымды, үш ауысымға өту қауіпі бар мектептерге зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топтың отырысы

2022 жылғы 3 ақпан күні облыстағы апатты және үш ауысымды, үш ауысымға өту қауіпі бар мектептерге зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топтың алғашқы отырысы өтті.

Аталған жиынды облыстық мәслихат депутаты, жұмысшы топтың жетекшісі Т.Қырықбаев жүргізіп отырды. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары аудандарға бекітілуіне қарай Н.Әбішов, Ғ.Елшібай, Б.Мұсабеков, Г.Тәжібаева, Д.Егамбердиева, Ұ.Жұрымбетова, Т.Қаржауов, С.Көшенов, Б.Айтқұлов, Н.Давлетияров, С.Кәрімбаев, Т.Қалмұратов және облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының қызметкерлері мен Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес, Қазығұрт, Сарыағаш, Түлкібас, Төлеби аудандары әкімдігінің адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Жиын барысында жұмысшы топ тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген 8 (Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби) аудандағы апаттық және үш ауысымды, үш ауысымға өту қаупі бар мектептердің қазіргі жағдайына талдау жасалып, республикалық және облыстық бюджеттен  қаржыландырылуға ұсынылатын мектептер тізімі нақтыланды.

Еске салсақ, аталған жұмысшы топ ағымдағы жылғы 25 қаңтар күні Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде жұмысшы топтың облыстағы барлық аудан, қалалардағы мектептерге мониторинг жасау жұмысының кестесі бекітіліп, сәйкесінше тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Алдағы уақытта жұмысшы топ облыс көлеміндегі барлық апатты мектептерді айқындап, нәтижесі бойынша дайындаған қорытынды анықтамасын тиісті мемлекеттік органдарға жұмыс үшін жолдайтын болады.