
Конституциялық реформа: Суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып президенттік республика моделіне өту
Референдумды қолдау жөніндегі
облыстық штаб төрағасы, Түркістан
облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиев
Естеріңізде болса, Түркістан облыстық Қоғамдық штаб төрағасы ретінде Ата Заңымызға енгізілгелі отырған реформалардың бағыттары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары бетінде материалдар топтамасын жариялауды бастаған болатынмын.
Осыған байланысты бүгінгі басылымда Конституцияға енгізілетін суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне өту нормасы бойынша кеңінен түсіндіріп, өз ойымммен бөліспекпін.
Жалпы, Конституциялық реформаның басты бағыты суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді көздейді.
Жаңа норма бойынша Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Сондай-ақ, бұл шектеу Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Нәтижесінде бір партияның өктемдігі ыдырап, демократиялық принциптер негізінде қызмет істейтін сан алуан саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол ашылады.
Сондай-ақ, елімізде саяси бәсеке артып, жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасайтын болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Ата Заңымызға енгізілгелі отырған өзгерістер бойынша Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға және Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды.
Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.
Тұңғыш Президенттің Президент лауазымына қатарынан екі реттен көп сайлануына мүмкіндік беретін баптың (Конституцияның 42-бабы 5-тармағының жаңа редакциясы), сондай-ақ Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынып тасталмақ.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.
Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес енді оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.
Осылайша, жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталады.
Жалпы, біз саяси жаңғыру арқылы жаңа арнаға түсіп келеміз. Осы орайда елдігімізді сақтап, елімізді өркендету жолындағы Президент бастамасын қолдауға тиіспіз. Заң үстем әрі күшті болса халық өз байлығының игілігін өзі көреді. Сондықтан, бізге тас қамалдай берік заң керек.
Президент бір сөзінде: «Мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсымыз өзгеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарды біртұтас организм ретінде Жаңа Қазақстанды құруға кірісуге шақырамын. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, ұлттық бірегейліктің іргетасын нығайтып, елді өзгертуге жұмылуымыз керек. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз»,- деген болатын.
Олай болса, Констиуциялық реформаның ел дамуындағы рөлі мен маңыздылығын ескере отырып, референдумға қатысу арқылы Өздеріңіздің белсенді азаматтық ұстанымдарыңызды білдіруге шақырамын!
0 пікір
Пікір жазыңыз