Еліміздің болашағы – жастар

Бүгін, «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI съезі өтті. Съездің пленарлық отырысына партия төрағасы Е.Қошанов және еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.

Пленарлық отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бейнежазба арқылы съезге қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады.

Президент өз сөзінде Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.

Мемлекет басшысының айтуынша көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды. Расында, еліміздің қарыштап дамуы үшін Президентіміз атап өткендей жастардың білімді болуы, олардың түрлі кәсіпті игеруі, адал еңбекті бағалауы мен өз ана тілін, ата дәстүрін білуі және олардың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі өте маңызды. Себебі жастар – әрбір елдің мәдени, рухани және саяси өміріне белсенді атсалысатын әлеуметтік-демографиялық топ.

Сондықтан, қоғамдағы жастар тәрбие­сі – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелердің бірі десек те болады. Бұл орайда, Отанын сүйетін, тарихымен мақтана алатын, тілі мен мәде­ниетіне құрметпен қарайтын, дәстүрін сыйлайтын білімді, рухы биік жастарды             тәрбиелеу – баршамызға ортақ іс. Тек сонда ғана ертеңгі күні еліне қорған болатын, жаһандану заманында ұлтының шырағын сөндірмейтін, еліміздің жаңа тарихын жасайтын ұлт көшбасшыларының шығары сөзсіз.

Жалпы, жастар мәселесі айтылған съезде жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді. Белсенді жастар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.

Осы тұста, ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» клубының шабуылшысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын «Жастар Рухы» деп өзгертуді ұсынды. Бұл шешімді съезге қатысушылар қолдады.

Ия, халқымыз үшін «Рух» сөзі қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін киелі ұғым. Сондықтан жаңа «Жастар рухы» атауы ұйымның жұмысына үлкен жауапкершілікті жүктеп, жастардың ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейді деп сенемін.

Әрине, ол үшін жастарымыз ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілуі қажет. Оған елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Осы тұста, елімізді өркендету үшін жастарымызды жаңаша технологияларды үйренуге, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, тың бастамалар мен озық идеяларды іске асыруға атсалысуға шақырамын.

«Білім – ер азығы, ер – ел азығы», – демекші, заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әлемде бәсекеге қабілетті жастар елімізді үлкен жетістіктерге жетелейтіні  хақ!

 

Облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев