«Елдіктің жеті тұғыры» – болашақ ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия

Жақында өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға «Елдіктің жеті тұғыры» атты үндеуін жолдаған болатын.

Бұл Үндеуді жас ұрпаққа болашаққа бағдар болатын қағидаттар жиынтығы немесе ұлтымыздың ұлы мұратын, халқымыздың арман-аңсарын арқалаған ақжарылқап айқындамасы десек те болады. Мұнда еліміздің тарихы және оның дамуы ұнасымды ұштастырылып, тың және шынайы көзқарас ұсынылып отыр.

Үндеуде айтылған 7 тұғыр: тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм арқылы – жастарды   тәрбиелеу, олардың бойына адами құндылықтар мен патриоттық рухты сіңіре білу, рухани салаға басымдық беру қажеттілігі алға қойылған.

Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.

Елбасымыз жеті тұғырдың біріншісі – Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз екендігін және еліміз осы тәуелсіз 30 жылдықта даму кезеңінен абыроймен өткендігін ерекше атап өтті.

Расында, отыз жылда ел тарихы біраз жаңашылдықтар мен оң экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістерге толды.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды. Тарихи өлшем тұрғысынан алған қысқа мерзім ішінде еліміздің шекарасы шегенделіп, Мемлекеттік Тудың, Елтаңба мен Әнұранның қабылдануы және ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енуі жас мемлекеттің өзіндік сара жолын қалыптастырды.

Мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың керемет үлгісі қалыптасты. Әрбір азаматтың этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Ата Заңымызда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім мен өзара түсіністік орнады. 

Әрине, мұның барлығы ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз.

Ол арман – тұрмысы бай-қуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады.

Сондықтан да, Елбасымыздың жастарға арнаған үндеуі, яғни  тәуелсіздігімізді сақтау, оны қорғау және бірлік пен татулықты сақтау, тарихымызды қастерлеу, жерімізді қорғау, отбасылық құндылықтарымызды арттыру, мәдениетімізді тереңнен танып, рухани жаһандануды арттыру, білім алып, бәсекеге қабілеттілігімізді өркендету – жас ұрпаққа қойылған мақсат деп білемін.

Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.

Дана халқымызда «Ағаш түзу, әдемі болып өсу үшін оны көшет кезінде баптау керек, ал қисық ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. «Мәңгілік ел» идеясында өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса мән берілген. Осы идеяны қалыптастыру үшін ең алдымен ұлағатты тәрбие мен сапалы білімнің қажеттілігі анық көрсетілген.

Дана Абай бабамыз: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – деп айтқандай, еліміздің мәңгілік болуы үшін жас ұрпақтың бойында осы қасиеттердің болуы өте маңызды.

Бұл тұста, адамгершілік тұрғыдан құнды қасиеттері бар, рухани бай тұлғаны қалыптастыру сәби кезінен бастау алатыны белгілі. Ендеше, бұл тұрғыда отбасының атқарар ролі зор.

«Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала қоғамға да пайда келтіре алмайды». Бұл – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннен қалған тағылым.

Шындығына келгенде, бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесі – барлығымызға ортақ іс.

Бұл тұста, Абай хакім қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлаған. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.

 

Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны да бөлек, әсіресе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді.

Сондықтан да, баланың бойына мейірімділік, адамгершілік, әдептілік сынды қасиеттерді сіңіріп, туымызды жықпай, ұлан-байтақ жерімізді қорғайтын патриот ұрпақ тәрбиелеу әрбір отбасының, жалпы қоғамның міндеті болып табылады.

Өйткені, кез-келген елдің бірлігі мен өркендеуі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтағанда ғана мығым болмақ.

Алдымызда осы құндылықты бойына сіңірген, Отансүйгіш, елі мен жерінің қамы үшін аянбайтын, білімді, иманды, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу, оларға бағыт беру міндеті тұрғанын әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.

Елбасымыз айтқан жеті тұғырда көрсетілген мәселелерді, яғни, ұлттық кодымызды сақтап, бәсекелік қабілетті шыңдай түсіп, прагматизм қағидаттарын қалтқысыз орындай білсек, ұлттық бірегейлік пен білімнің сапасы салтанат құрса, мемлекетіміз дамыған 30 елдің қатарына қосылады деп білемін.

Осы орайда, барша аға буын өкілдерін Елбасымыздың жас ұрпаққа арнаған қағидаттарын іске асыруға белсенді қатысып, еліміздің тұрақты дамуы мен ел намысын қорғайтын жас буынды қалыптастыру,  отбасы тәрбиесінің қазақылық дәстүрін дәріптей отырып, жоғары мәдениетті қалыптастыру мақсатында бар күш-қайратын жұмсауға шақырамын.

 

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Қ.Балабиев