Ардақты ардагерлер!

Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі.

Бүгінде ардагерлердің әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болуы – мемлекет назарында. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда. Сол себепті Сіздерге үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке мен ырыс-несібе тілеймін!

 

                              Құрметпен, 

                                           Түркістан облыстық

                                                        мәслихатының хатшысы 

                                                               Қ.Балабиев