Адырбеков Икрам Адырбекұлы

Адырбеков Икрам Адырбекұлы — 08.07.1950 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, «Қызыл әскер» ауылында туылған. Мемлекет қайраткері, дипломат, 1-дәрежелі Төтенше Өкілетті Елші (2000), экономика ғылымдарының докторы (1995), ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Алматы мал дәрігерлік институтын (1972), Қазақстан КСР Ғылым Академиясының Эксперименттік биология институтының аспирантурасын (1976), Менеджмент және маркетинг институтын (1995), Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекет қызмет академиясын (1999) бітірген. 1972-79 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы эксперименттік биология институтының өтілгер-зерттеушісі, аспиранты, кіші ғылыми қызметкері, 1979– 83 жылы Шымкенттегі «Қаракөл» ғылым-өндірістік бірлестігінің аға ғылым қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1983-85 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы парткомының ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, осы облыстың «Бөржар» кеңшарында партком хатшысы, 1985 – 88 жылы «Қаракөл» ғылым-өндірістік бірлестігінде бөлім меңгерушісі, 1988 – 89 жылы «Қазқаракөл» республикалық ғылым-өндірістік бірлестігі төрағасының орынбасары, 1990 – 92 жылы «Қазақжабағықаракөл» республикалық өндірістік-коммерцемиялық концернінің президенті, 1992 – 93 ж. «Қазагросыртқысауда» экономика қауымдастығының бас директоры, 1993 – 96 жылы «Агросауда» мемлекет сыртқы сауда акционерлік компаниясының және «Агросауда» акционерлік қоғамының президенті, 1996 – 97 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – Бас қаржылық-әкімшілік басқармасының бастығы, 1997 – 2002 жылы Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы, сонымен қатар 1998 – 2004 жылы Қазақстан Республикасының Эстон Республикасындағы, 2002 – 2004 жылы Малайзия еліндегі, сонымен қатар 2003 – 04 жылы ИндонезияФилиппинБруней мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2007 жылы Қызылорда облысының әкімі. 2007-2011 жылы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасы, сондай-ақ Вьетнам Социалистік Республикасы және Корей Халықтық-Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2011 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде тағайындалған.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бес медальмен, Литва Республикасының «Великого князя Гедеминаса 3 степени» орденімен марапатталған.

Қызылорда облысының Құрметті азаматы (14.07.2010);

Түркістан облысының Құрметті азаматы (03.07.2020).