Шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу

Бүгін, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат            Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі Түркістан облыстық қоғамдық штабы төрағасының орынбасары Қ.Балабиев штаб мүшелерімен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі – Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, кәсіпкерлік саласына қатысты іске асырылатын реформалармен таныстырды.

Жалпы, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті ынталандыруға және оны қорғауға барлық жағдай жасалатын болады. Яғни, шағын, орта және ірі бизнеске лайықты жағдай жасалып, бизнестің бәсекеге қабілетін арттыруға кедергі келтіретін нәрсенің бәрі жойылады.

Айта кетсек, Түркістан облысы бойынша соңғы үш жылда өңір экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 23%-дан 31%-ға дейін ұлғайды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілерінің саны 2022 жылғы 1 қыркүйекке 164,4 мың бірлікті немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 114,8% құрады.

Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 2022 жылғы 1 сәуірге 222,0 мың адамды, немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 104,2% құрады.

Шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілерінің 2022 жылғы қаңтар-наурызда өнім (тауарлар мен қызмет көрсетулер) шығарылымы 178 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 82,8%-ды құрады.

Тұрақты орта таптың болуы қоғам кемелдігінің негізгі индикаторларының бірі. Экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнес өкілдері орта таптың қалыптасуы және дамуында үлкен рөл атқарады. Сондықтан, бизнесті қолдау және дамыту жүйесін модернизациялау міндеті кандидат Қ.Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі.