Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

Ағымдағы жылғы 31 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістан қаласына келіп, Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Жиналысты Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев жүргізіп отырды.

Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің облыс әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Өңірдің бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.

Әлихан Смайылов кандидаттардың әрқайсысының өңірді басқару үшін кәсіби тәжірибесі мол және қажетті құзыреттері бар екенін атап өтті.

Дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасын жақтап дауыс берді, қалған 86 депутат Ұласбек Сәдібековтің кандидатурасына дауыс берді.

Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов         ҚР Президенті өңір басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті.

Премьер-Министр Өмірзақ Шөкеевке маңызды халықаралық, саяси және мәдени оқиғалар болып тұратын ең әдемі облыс орталықтарының біріне айналған Түркістан қаласының және өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.