Тиімді мемлекеттік аппарат

Күллі әлемге танымал ұлы философ, ойшыл, ғалым жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде халық бақытты өмір сүру үшін елді білімді, әділ, жақсылыққа жаны құмар, жамандықтан жиіркенетін, өнер мен әдебиетті сүйетін адамдар басқаруы керек деп жазады. Яғни, ол мемлекет басқаратын адамға осындай биік талаптар қойған.
Бүгінгі таңдағы өзгермелі әрі күрделі жағдайда мемлекеттік басқару жүйесі икемді, тиімді әрі мобильді болуы тиіс. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді менеджерлер заманауи сын-қатерлерге жедел жауап беріп, тиімді басқарып, шекті ресурстар жағдайында халыққа сапалы қызмет көрсетуі керек. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі жеке сектор мен қоғамның белсенділігін жұмылдыруды қамтамасыз етуі керек. Бұл өз кезегінде қоғамның билікке сенімділігін арттырады.
Барлық мемлекеттік стратегия, үкіметтік және аймақтық бағдарламалар, салалық жоспарлар мен нақты шешімдер азамат өмірін жақсартуы керек.
Бұл – тиімді әрі технологиялық, прагматикалық әрі оңтайлы негізде жұмыс істейтін мемлекеттік аппараттың басты және негізгі міндеті. Мемлекеттік қызметке іріктеу үміткердің жоғары кәсіби және моральдық қасиеттері негізінде жүргізіледі, ал мансаптық ілгерілеу тек меритократия қағидаттарына сай жүзеге асырылады. Басшының жеке басына деген адалдық, халық пен мемлекетке деген адалдыққа біржолата орын беруі керек.
Осы мақсатта:
• Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру көзделуде.
• Жастар президенттік кадрлық резервінің тәжірибесі жалғастырылады, елдегі барлық кәсіби, білікті және отаншыл азаматтың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік берілетін болады;
• Мемлекеттің өз азаматтарымен және бизнеспен қашықтан өзара іс-қимылына арналған цифрлық инфрақұрылым құрылады.
• «Халық қатысатын бюджет» жобасы аудандық маңызы бар қала мен ауыл деңгейіне дейін кеңейтілетін болады.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында идеалды қоғам жасауға ұсынысын көре аламыз. Бүгінде біз өткеннен сабақ алып, қателерге жол бермей, мәселелерді шешіп, елде әділеттілік орнатуды мақсат тұтамыз. Қазақстан – бірлігі бекем, экомикасы дамыған, қуатты «қайырымды» мемлекет болары сөзсіз.