Облыстық жер қатынастары басқармасының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының барысы туралы

2022 жылғы 14 қыркүйек күні жетінші шақырылымдағы  облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясы өтті.

Сессия жұмысында Түркістан облысының жер  басқармасы басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының барысы туралы  мәселе қаралып, аталған мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілеген есеп берді.

Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының барысы туралы есебі назарға алынып, осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар енгізілді.

Атап айтқанда, Түркістан облысының тиісті басқармаларына, қала және аудан әкімдеріне:

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстарын жүргізу;

– жайылым қоры шектеулі аудандарда жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды қорада ұстауды (қарқынды бордақылау, жеке қосалқы шаруашылықтардағы сауын сиырларды қорада ұстау),  кооперативтерге біріктіру және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу (малды союға тапсыру, сүтті қайта өңдеу), бордақылау алаңдарының желісін кеңейту бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыру;

– шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың жануарларын шалғайдағы жайылымдарда маусымдық жаю арқылы жалпы жайылымдарға жүктемені төмендету шараларын жүзеге асыру ұсынылды.

Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға жүктелді.