Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістанда

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етумен бастаған мемлекет басшысы одан кейін облыс жұртшылығымен кездесті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын», – деді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар ел Президенті Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы облыс жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен

Қ.Тоқаев кездесуде халықаралық ахуалға қатысты еліміздің ұстанымы туралы да айтты. «… Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік…»,– деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент көрші елден келіп жатқандар туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталды. « …Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе… Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз… Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр, – деді Президент. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, біз саяси жаңғырумен қатар бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды қолға аламыз. Оның игілігін бүкіл жұртымыз көреді. «Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет. Сондықтан кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиын соңында Түркістан облысының бірқатар азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман І дәрежелі «Барыс» орденімен, еңбек ардагері Жарылқасын Әзіретбергенұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және еңбек ардагері Қойшыбай Әріпбай мен Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан филиалының сәулетшісі Нұрғали Имажанов «Парасат» орденімен наградталды. Сондай-ақ «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренкоға «Ерен еңбегі үшін» медалі, орта мектеп мұғалімі Пернебай Арыновқа «Шапағат» медалі табыс етілді.